АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мемлекет басшысының сынынан кейін отставкаға кетесіз бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қазір мемлекеттік органдардың алдында жағдайдың ушығып кетпеуіне жол бермеу міндеті тұр. Жұмыс қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады.
"Шешім (отставка туралы) су тасқынының алдын алу жөніндегі қызметіміздің нәтижелері бойынша қабылданады", - деп қысқа қайырды Нұржігітов.
Осы орайда журналистер "сіз өзіңізді осы қызметке лайықтымын деп санайсыз ба?" деп сұрады.
"Бүгінгі күні президент тарапынан тәртіптік жауапкершілікке тартылдық. Әрі қарай осы қызметке лайықтымыз ба, жоқ па, ол туралы президент шешім қабылдайды", - деп жауап берді министр.
Нұржігітов су министрлігі құрылған жарты жылдың ішінде су тасқынына қарсы ауқымды жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік болмаған.
"Алты ай ішінде із құқықтық базаны қалыптастырдық. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен қандай жұмыстар атқаратынымыз туралы жоспарларымыз бар. Алты айдың ішінде осы ауқымды жұмыстарды атқаруға ешқандай мүмкіншілік болған жоқ. Мәселен, жоспарға сәйкес, 20 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні 9 су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, алтауы бірінші жартыжылықта дайын болады. Одан бөлек қолданыстағы 15 гидротехникалық құрылымды жөндейміз", - деп түсіндірді министр.
Айтуынша, осы жұмыстар жалпы халық саны 200 мыңнан асатын 134 елді мекенді су басуға жол бермейді.
"Әрине оған уақыт керек. Сондықтан қазір біз сол жұмыстарды тездетуге тырысып жатырмыз", - деді Нұржігітов.
Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс берді.