АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Су тасқыны салдарынан үйлерінен айырылған азаматтар үшін тұрғызылатын баспананың бір шаршы метрі 281 мың теңге болады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, су басып, тұруға жарамсыз болып қалған үйлердің саны әзірге белгісіз. Әкімдіктер қазір тиісті ақпаратты жинап жатыр.
"Қазіргі таңда ірілендірілген сметалық норма бойынша бір үйдің бағасын 22 млн теңге деп бекіттік. 80 шаршы метрлік бір-екі пәтерлі үйлер болады. Бір шаршы метр 281 мың теңгені құрайды. Жаңа үйлер тұрғызу қажет болса, қаражатты осы бағасымен жұмсаймыз", - деді Шарлапаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Ол қаржы жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен де, республикалық бюджеттен де бөлінетінін атап өтті.