Бозымбаев: Өңірлерді қалпына келтіруге барлық қажетті ресурс бөлінеді

Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды
Sputnik
АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қостанай облысында төтенше жағдай жарияланған Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласындағы жағдаймен танысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Қанат Бозымбаев Қостанай облысының су басқан аудандарында болды
"Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев аудан және қала әкімдерімен, облыстық қызметтер мен басқарма басшыларымен бірқатар кездесу өткізді", - делінген хабарламада.
Вице-премьер апаттық-құтқару жұмыстарын әрі қарай жүргізу, құтқарылған адамдарды барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету, шығынды бағалау, бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
"Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасау керек. Су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары тәулік бойы жүргізілуі тиіс. Өңірлерді қалпына келтіруге барлық қажетті ресурс бөлінеді", — деп қорытындылады штаб басшысының орынбасары.
Қостанай облысының оңтүстігіндегі 75 жеке тұрғын үйді су басқан. 13 су шайған және 7 бүлінген жол (1 көпір, 6 жол жамылғысы) бақылауда. 12 елді мекенде көлік қатынасы жоқ. 1,2 мың адам эвакуацияланды, олардың 408-і балалар.