Атырау билігі Қашағанда мұнай төгілуіне қатысты пікір білдірді

Атырау облыстық экология департаменті өкілдері бір тәулікке жуық уақыттан кейін әзірге ештеңе білмейтіндерін айтты
Sputnik
АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Қашағанда мұнай төгілді деген орынға мамандар барып тексереді, деп хабарлады Атырау облысы бойынша экология департаменті.
"Каспий теңізіндегі Қашаған кен орны аумағында мұнайдың төгілу фактілері негізінде мұнай өндіру орнында көзбен шолып тексеру және сынама алу үшін теңізге сапар ұйымдастырылады", - делінген хабарламада.
"Глобус" экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының атқарушы директоры Галина Чернованың әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мемлекеттік мекеме осылай деп жауап берді.
"Егер бұл фактілерді Атырау облысы бойынша экология департаменті растаса, "NCOC" компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижелері қосымша хабарланады", - деп толықтырды ведомство.
Еске салайық, эколог ғарыштық бақылау деректеріне сілтеме жасай отырып, Каспий теңізінің солтүстігінде 7 шаршы шақырым аумақта мұнай төгілгенін хабарлады.