"Сегіз сағат бойы өлтірдің": Салтанаттың анасы сотта эмоциясына ерік берді

Сен оны бірнеше сағат бойы ұрдың. 8 сағат бойы өлтірдің, деді марқұмның анасы
Sputnik
АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта адамды аса қатыгездікпен өлтіруге ойы болмағанын мәлімдеді. Сол кезде Салтанат Нүкенованың анасы өзін ұстай алмады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сөздің басында Бишімбаев Салтанаттың туыстарынан кешірім сұрады.

"Мені кешіреді деп үміттенбеймін. Бірақ бұл – ішкі міндетім. Орны толмас қайғы екенін де білемін. Осы оқиғаларға қатысым бар екенін де түсінемін. Ол – бір. Екіншіден, өз кінәмді мойындаймын дегенде жұбайым Салтанатты аса қатыгездікпен өлтіру ойымда болмағанын айтқым келді...", - деді Бишімбаев.

Осы кезде сот залында отырған Салтанаттың анасы шыдай алмады.
"Тоқтаңыз, қалай аса қатыгездік болмады? Мен өз қызымды жерлегенде бетін де көре алмадым. Сен оны аса қатыгездікпен ұрмадым дейсің. Олай айтуға қалай дәтің барып тұр? Маған оның бетің көрсеткен жоқ. Себебі оны өмір бойы ұмытпайтын едім. Сен оны бірнеше сағат бойы ұрдың. 8 сағат бойы өлтірдің!", - деп атап көрсетті ол.
Осы кезде судья Салтанаттың анасын сабырға шақырып, басқа залға баруға ұсыныс жасады. Бірақ ол өз орнында қалды.
Айта кетері, бүгін сотта Бишімбаев пен Байжановтың хат алмасуы жарияланды.