Бишімбаев сотта Салтанатпен қалай танысқанын айтты

Sputnik
АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сотта сөз берілді. Судья оған бірнеше рет ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бишімбаев алдымен Салтанатпен қалай танысқанын айтып берді. Ол танысы арқылы бір қыздың астрологиямен айналысатынын естіген. Ал желідегі парақшасын көргеннен кейін Салтанатты ұнатып қалады. Посттарын да үнемі оқып тұрған. Астрология бойынша кездесуге тырысқанда Салтанаттың ер адамдарды қабылдамайтынын білді. Айтуынша, Салтанаттың жігіті де бар екен, оған тұрмысқа шығуға жоспарлап жүрген.
"Бірақ тамыздың соңында танысым Салтанаттың тойы болмайтын болды деп айтты. Жігіті екеуі айырылысты деді. Мен танысуға мүмкіндік туды деп шештім", - деді Бишімбаев.
Содан экс-министр Камила деген бір танысын салып, астроболжамға жазылуға күш салды. Салтанат келіседі. Телефон арқылы сөйлесуге де кет ары болмайды. Ол Салтанаттың астроболжамға бірден шақырмағанын айтты. Бишімбаев біршама уақыттан кейін өзі SMS жазып, мейрамханаға шақырған. Қыркүйектің басында екеуі кездеседі.
"Бес сағаттай әңгімелестік. Астрологияға 30-40 минуттай уақытымызды алды. Оған жігітімен айырылысқаны ауыр тигені бірден байқалды. Соның бәрін өзі де айтты. Түнгі сағат екі-үштің кезінде үйіне апарып тастадым. Жанымызда көлік жүргізуші болды. Біз артта отырдық. Жолда бұрылып қарасам, дәл қасымда отыр екен. Алкогольдің әсері ме, ұнату ма, ол маған жақындады да, сүйді. Бәрі күтпеген жерде болды. Бірінші кездесуден кейін ғой. Мен өзім де абдырап қалдым", - деп атап көрсетті Бишімбаев.
"Келеке мен күлкіні доғарыңыз!": прокурор өз наразылығын білдірді
Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат бірінші кездесуден кейін тағы бір отырысқа шақырған. Бірақ артынан бірнеше ұсынысты өзі қайтарып тастады. Сосын жігітімен жақында ғана айырылсқанын алға тартып, уақыт беруді сұрады. Содан екеуі жаңа жылға дейін тайм-аут алуға шешім қабылдады.
"Бірақ алдымен құрбысы хабарласты. Артынан Салтанаттың өзі қоңырау шалып, бір танысының туған күніне апарып тастауды өтінді. Одан кейін мен оны караокеге шақырдым. Мен оның көңіл-күйін ғана көтеруді көздедім. Бір ретте Меладзенің концертіне билет тауып бердім. Сол кезде тағы бір сыйлық жасайын дедім. Сәнді киім сататын дүкенге барып, әдемі киім сатып алдық. Оған қатты ұнады. Концертке барып келдік. Бәрі қайтадан жақсы бола бастағандай. Бірақ тағы біршама уақытқа жоғалды", - деді Бишімбаев.
Экс-министр Салтанаттың мінезі "парадокс пен қарама-қайшылыққа толы болғанын" да ашық айты. Осының бәрін баяндап тұрғанда арасында күліп сөйледі. Осы кезде прокурор өз наразылығын білдірді.
"Қараңызшы, жымиып тұр, күледі. Бұл сот қой. Сіз жымиып тұрған жоқсыз, ашық күліп тұрсыз", - деді прокурор Айжан Аймағанова.
Ал судья Айжан Көлбаева Бишімбаеқа есерту жасап, келекесіз сөйлеуді талап етті.
"Бәрін істің мән-жайы бойынша айтып беріңіз. Келеке мен күлкісіз, марқұмның туыстарына құрметпен қараңыз", - деді судья Көлбаева.
Бишімбаев кешірім сұрап, естелік болғасын сезімге ерік бергенін жеткізді.
Тағы бір ескерту
Сотта Бишімбаев Салтанатпен жақын танысу үшін шетелге бірнеше күнге барғанын да айтып берді. Алдымен Алматы, одан кейін Ташкент, Ыстанбұл мен Баку болды. Сол кезде Салтанат қосылуға қарсы емес екенін білдірді.
"Алматыға келгеннен кейін мен оған үйленуге ұсыныс жасадым. Ол келісті. Содан кейін туыстарымен таныстырдым", - деді Бишімбаев.
Ол кезде экс-министр бойдақ болған. Үш жыл бұрын ажырасқан еді. Ал Салтанатпен шағын құрамда той өткізді.
"Басында бәрі жақсы болды. Артынан не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Ол ашушаң бола бастады, дөрекі сөйледі. Бір ретте кілтін таба алмады. Сол кезде мен оған бір жерге қойған дұрыс қой деп ескерту жасадым. Ал кешке қарай келсем, маған тап берді. Маған неге олай сөйлейсің деп шыға келді. Содан екеуіміз бірнеше күн сөйлеспей қойдық", - деп атап көрсетті Бишімбаев.
Ал кабинетіндегі бір фото туралы айтқанда жәбірленуші тарап тағы бір наразылығын білдірді. Себебі Бишімбаев нақты іске қатысты мән-жайларды айтпай, Салтанаттың жеке өміріне қатысты және қадір-қасиетіне кері әсер ететін әңгімені айтып кетті. Судья талапты қанағаттандырып, тағы нақты іс бойынша сөйлеуді талап етті.