АСТАНА, 31 наурыз – Sputnik. Финляндия сыртқы істер министрі Элина Валтонен британиялық Financial Times газетінеберген сұхбатында алдағы уақытта Батыс әскерін Украинаға жіберуі мүмкін екенін жоққа шығармады, бірақ қазіргі уақытта мұндай қажеттілік жоқ екенін айтты.
"Қазір (Украинаға – ред.) әскер жіберетін уақыт емес және біз оны бұл кезеңде талқылағымыз да келмейді. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада біз, әрине, ештеңені жоққа шығармауға тиіспіз", - деді ол.
Финляндия СІМ басшысы Батыс қақтығыстың неге әкелетінін және болашақта не болатынын білмейтінін, сондықтан "барлық картаны ашудың" қажеті жоқ екенін атап өтті.
Эстония сыртқы істер министрі Маргус Цахкна Financial Times газетіне Франция президенті Эммануэль Макронның Украинаға әскер жіберу туралы сөзі "Еуропа лидерлерін оятқанын", бірақ Киевке әскер жібергеннен гөрі қару-жарақпен және қаржымен көмектесу қауіпсіз екенін айтты.
Ақпан айында Макрон ЕО Украинаны орташа және ұзақ қашықтықтағы зымырандармен қамтамасыз ететін коалиция құруға келіскенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ Франция Ресейдің "бұл соғыста жеңіске жетуіне" жол бермеу үшін бәрін жасайтынын жасырмады.
Оның айтуынша, Батыс елдерінің басшылары Украинаға әскер жіберу мүмкіндігін талқылаған, әзірге консенсусқа қол жеткізілмеген, "бірақ ештеңені жоққа шығаруға болмайды".
Наурыз айының басында Макрон оппозиция лидерлерімен кездесуі кезінде Франция Украинаға шексіз көмек көрсететінін қайталады.