АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Салтанат Нүкенованың туған ағасы Айтбек Амангелді қарындасы көз жұмған түні не болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Марқұмның жақыны Астанада алқабилердің қатысуымен өтіп жатқан сотта сөз сөйледі.
"Біз 8-нен 9 қарашаға қараған түні сөйлестік. Салтанат маған 9 қараша 00:40-те қоңырау шалды, мен ұйықтап жатыр едім. Менен үйдесің бе деп сұрады. Мен "иә" дедім. Ол маған "мен қазір келемін" деп айтты", - деді сотта Айтбек Амангелді.
24 минут өткен соң ағасы қарындасына жазып, қашан келетінін сұраған.
"02:05-те оның телефонынан маяк келді, қайта хабарласып едім, тұтқаны көтермеді. Ол маған 00:40-та телефон шалғанда, мен оның локациясын қараған едім, телефоны гастро-орталықта, мейрамханада болған. Кейінірек түнгі сағат екіде маяк түскенде, мен оның локациясын қайта тексердім. Мекенжайы көрші ғимарат Talan Towers-ті көрсетті, ол жерде қонақ үй бар. Мен сол жерге түнеуге кеткен шығар деп ойладым", - деді марқұмның ағасы.
Таңғы сағат 07.46-да Айтбек Амангелді қарындасына қайта жазған. Геолокация Салтанаттың әлі Talan Towers ғимараты маңында екенін көрсеткен. Ол Салтанат әлі ұйықтап жатқан шығар, кейін жауап берер деп ойлаған.
"Сосын мен жұмысқа кеттім, күні бойы телефонды тексеріп отырдым. Таңғы 7-де жіберген хабарламам түс кезінде ғана оқылғанын байқадым, кейін жауап беретін шығар деп ойлап, үйге қайттым. Сағат 8-9 кезінде маған Салтанаттың құрбысы қоңырау шалды, абыржулы дауыспен менен "бұл рас па, жоқ па" деп сұрай бастады. Маған WhatsApp-қа "9 қарашада Қуандық Бишімбаев Ваu мейрамханасында Салтанат Нүкенованы өлтірді деген" ақпаратты жіберді.
Мен бірден Салтанатқа телефон соқтым, ол жауап бермеді. Локациясын қарасам, телефоны Тұрандағы үйде тұр. Мен сонда екен деп ойлап, сол жаққа бардым. Бесінші қабатқа көтеріліп, есікті қақтым. Ешкім ашқан жоқ. Сосын полицияға хабарластым. "Осындай хабарлама алдым, қарындасым үшін уайымдап тұрмын" дедім. Маған "Салтанаттың өлтірілгені рас, көңіл айтамыз, сіздің гастро-орталыққа келуіңіз керек" деп жауап берді", - деп еске алды сол түнді Айтбек Амангелді.
Еске сала кетейік, Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып жатқан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатыр. Сот алқабилердің қатысуымен өтуде. Барлығы 12 алқаби бар, оның 10-ы –негізгі, екеуі – қосалқы.