АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Астанада азаматтық некедегі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың кезекті сот отырысы басталды.
Қуандық Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Барлығы 12 алқаби бар, оның 10-ы негізгі, екеуі қосалқы. Олар 300 үміткердің арасынан таңдалды.
Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).
Еске салсақ, Жоғарғы соттың баспасөз қызметі Қуандық Бишімбаевтың соты онлайн-трансляция арқылы көрсетілетінін хабарлаған.
Салтанат Нүкенованың өлімі
Өткен жылдың 9 қарашасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы хабар қоғамды дүр сілкіндірген еді.
Кейбір БАҚ беттерінде Бишімбаевтың қатты мас болғаны, тіпті есірткіге мас болғаны туралы хабарланды. Полиция марқұмның жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын айтты.
ІІМ сол күні мейрамханадағы жанжалдың салдарынан алған дене жарақаттарынан бір әйелдің қайтыс болғанын растаған еді. Алайда оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат берген жоқ: зардап шегушінің атын атаған жоқ.
Кейіннен ішкі істер министрлігі Астана мейрамханасындағы кісі өлімі бойынша Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Тергеу барысында оқиға болған "Bau" мейрамханасы орналасқан Гастро орталық директоры қылмысты жасырды деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.