АЛМАТЫ, 29 наурыз – Sputnik. Алматы облысында жер қойнауын өз бетінше қазған 15 факті анықталды, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Алматы облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы көлеңкелі жер қойнауын пайдаланудың 15 фактісін анықтады. Қылмыстық кодексінің 334-бабын "Жер қойнауын өз бетінше пайдалану" бойынша 5 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Салдарынан қоршаған ортаға 4 млрд теңгеден астам шығын келген.
"Пайдалы қазбаларды өндіруге лицензияларды заңсыз берудің 5 фактісі, келісімшарттық аумақтардан тыс жерлерге шығудың 33 фактісі анықталды. Сондай-ақ су қорғау белдеулерінде пайдалы қазбаларды өндірудің 23 фактісі және санитариялық-қорғау аймақтарының келісімінсіз әрекет еткен 120-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы анықталды", - дейді ведомстводағылар.
Уәкілетті органдардың лауазымды адамдары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 41 адамға 4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.