Қазақстанда мопедтер мен электросамокаттарға қатысты жаңа өзгерістер қабылданады

Мопедтер мен самокаттардың қызметін реттейтін түзетулердің екінші пакеті әзірленген
Sputnik
АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. Қазақстанда әкімдерге электросамокаттардың қызметін реттеу жөніндегі өкілеттік беріледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қазір мопедтер мен самокаттардың қызметін реттейтін түзетулердің екінші пакеті әзірленген. Оны қабылдағаннан кейін түбегейлі өзгеріс болады.
"Біріншіден, қозғалтқыштың көлеміне қарамастан барлық мопед көлік саналады. Оны басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігі мен жасыңыз 16+ болуы керек. Осылайша, біз барлық мопедті есепке қоямыз және тіркейміз. Бүгінде елімізде бұл жүргізушілер ешқандай жауапкершілікке тартылмайды", - дейді Лепеха сенат кулуарында.
Тағы бір маңызды норма – әкімдерге электросамокаттардың қызметін реттеу жөніндегі өкілеттік беріледі.
"Олар қандай да бір қосымша ережелер бекіте алады: қай жерде жүруге болады, қай жерде болмайды, қай уақытта олардың қозғалысына тыйым салынады және тағы басқа", - деп түсіндірді ішкі істер министрінің орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр тамыз айында электрсамокаттар мен мопедтерге қатысты заң күшіне енді.
Заң бойынша электрсамокаттар жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейінгі көліктерге жатады. Онымен велосипед жолағымен де, жолдың жиегімен де шектеусіз жүруге болады. Сонымен қатар электрсамокаттарға жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне рұқсат етіледі.