Маңғыстауда бұрынғы полицей бес жылға сотталды

Ол белгісіз біреуден 50 мың теңгеге 77 дана жалған доллар сатып алған
Sputnik
АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. Маңғыстауда жалған доллар сатқан бұрынғы полицей бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Lada порталына сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, бұрынғы полицей белгісіз біреуден 50 мың теңгеге 77 дана жалған доллар сатып алған. 50 долларлық купюраларды бөліп-бөліп сатқан. Бірақ көп ұзамай, қолға түсті. Ал оның бұрынғы әріптестері Қылмыстық кодекстің 231-бабы, 2-бөлігінің 2-тармағы (Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу, бірнеше рет жасалған әрекет) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Судья жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Сотталушы өз кінәсін мойындап, шын жүректен өкінетінін айтты. Оған қоса, асырауында кәмелет жасқа толмаған балалары бар.
Сот шешімімен бұрынғы полицей бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Банктер 11 айда 195 жасанды банкнотты анықтады