АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов сотта мейрамахадағы бейнежазбаларды жоюға тапсырма бергенін мойындады. Салтанат Нүкенованың үйіне кеткенін көрсету үшін телефонын бірнеше жерге апаруды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін алқабилердің қатысуымен негізгі сот отырысы басталды. Прокурордың айыптау актісінен кейін судья Айжан Көлбаева сотталушы Бақытжан Байжановты тұрғызып, оған тағылған айыптармен келісетінін, я келіспейтінін сұрады. Бишімбаевтың туысы Қылмыстық кодекстің 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша айыпталып отыр.
"Мен шынымен бейнежазбаларды жоюды сұрағанымды мойындаймын. Сондай-ақ Салтанаттың телефонын үйіне апарып беруді сұрадым. Қылмыс жасадым ба, жоқ па, оны білмеймін. Мәселе мынада, мен дәл сол күні Салтанат өлейін деп жатыр ма, жоқ әлде қайтыс болды ма, түсінбегенмін", - деді Байжанов.
Осыдан кейін судья: "Тағылған айыптар бойынша өз кінәңізді мойындайсыз ба?", - деп тағы сұрады. Байжанов "қылмыс жасадым ба, жоқ па, оны білмеймін" деген сөзбен қысқа ғана қайырды.