АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Қазақстан мен Ресей Қытайға ресейлік мұнайды тасымалдау мерзімін тағы 10 жылға ұзартады. Парламент мәжілісі тиісті үкіметаралық келісімге түзетулер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 2017 жылы Тараптар транзитті жылына 7 млн тоннадан жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
"Осыған байланысты тараптар келісімді 2024 жылдан 2033 жылға дейін ұзартуға ниет білдірді және 2013 жылы қол қойылған келісімге өзгерістер енгізу бойынша тиісті келіссөздерге кірісті", - деді Сәтқалиев мәжілістің жалпы отырысында.
Министрдің ақпаратына сүйенсек, 2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Қазақстан аумағы арқылы Ресей мұнайының Қытайға жалпы транзиті 90 899 271 тоннаны құрады. Жалпы түсім 1 327 000 000 АҚШ долларын немесе 501 981 476 065 теңгені құрады.
"Ресей тарапы "Роснефть" 10 жылдық кезеңге 100 млн тонна жеткізу туралы СПНС-пен келісімін ұзартқаны және қол қойғаны туралы хабарлады. Келіссөздердің қорытындысы 2023 жылғы 16 маусымда Санкт-Петербург қаласында келісімге өзгерістер енгізу туралы қол қойылған хаттама болды. Хаттамада транзит көлемі, тарифтер және мұнай транзиті үшін есеп айырысу бойынша өзектендіру, сондай-ақ келісімді он жылдық кезеңге ұзарту көзделеді", - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, келіссөз барысында ТОН-2 маршрутының учаскесін келісімге енгізу және $2,1/тонна тарифін белгілеу ұсынылған.
"2024 жылдан 2033 жылға дейінгі кезеңде екі учаске бойынша Қазақстан аумағы арқылы Қытайға Ресей мұнайының транзитінен күтілетін түсім 1 710 000 000 АҚШ долларын, ал алмастырудан түсетін пайданы ескеріп 1 851 000 000 АҚШ долларын құрайды", - деді Сәтқалиев.
Мәжіліс "2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы Қазақстан аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы" хаттаманы ратификациялады.