АЛМАТЫ, 27 наурыз – Sputnik. Қостанай облысында ветеринарлық қызмет жүйелі түрде бұзылған, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Ведомствоның мәліметінше, ветеринарлар малдарға вакцина салынғаны туралы жалған мәлімет беріп, ауру малдарды жасырған. Вакциналар пайдаланылмаған, бұған қоса сақтау тәртібі бұзылған.
"Ауыл шаруашылығы жануарларын жалған вакцинациялаудың 4 мың фактісі анықталды. Мысалы, Қостанай ауданының ветеринариялық пунктінің ресми актісіне сәйкес Ш деген азаматтың 727 бас ұсақ малына вакцина егілген, ал шын мәнінде бұл адамда ешбір мал жоқ", - дейді прокуратура.
Жітіқара ауданының тағы бір азаматының 1 ірі қара малы сойылған. Алайда ақпараттық базаның мәліметі бойынша осы жануарға түрлі ауруларға 10-нан астам зерттеу жүргізілген.
"Жалған вакцинация фактілері Қостанай және Лисаков қалаларында, сондай-ақ Алтынсарин, Әулиекөл, Қостанай, Наурызым және Ұзынкөл аудандарында анықталды. Ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу және сәйкестендіру мәселелерінде статистикамен манипуляция анықталды, ІҚМ – 3,8%, ұсақ мал – 2,8%, жылқы – 2,8%, шошқа – 40% санында алшақтық анықталды", - дейді ведомство.
Кінәлілер жауапқа тартылды.