Министр "Qarmet" мемлекеттің ақшасына сатып алынды деген ақпаратты жоққа шығарды

Sputnik
АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев "Qarmet" (бұрынғы "АрселорМиттал Теміртау") мемлекеттің ақшасына сатып алынды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Qarmet-тің акциялар пакетін сатып алуға мемлекеттің ақшасы жұмсалған жоқ. Бұл толығымен жеке инвестиция болды", - деп жауап берді Шарлапаев мәжіліс кулуарында.
Министр комбинатта отыз мыңнан аса адам еңбек ететінін, ал жылдық табысы екі миллиард доллардан асатынын атап өтті. Сондықтан, оның пікірінше, егер компания болашақта басқа екінші деңгейлі банктерден немесе Қазақстан даму банкінен несие тартса, бұл бизнесті коммерциялық жолмен жүргізу болып есептеледі.
"Мен тағы да қайталап айтамын, жүз пайыз акциялар пакетін сатып алуға мемлекет ақшасы жұмсалған жоқ", - деп мәлімдеді ведомство басшысы.
Бұған дейін желіде "Qarmet-тің" жаңа иесі Андрей Лаврентьев кәсіпорынды мемлекеттің қаражатына сатып алды деген ақпарат тараған болатын.