"Бәрі ойдан шығарылған": Бишімбаев сотта өз ұстанымын айтты

Экс-министр адам өлтіру бабы бойынша тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді
Sputnik
АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін айыпталып отырған Қуандық Бишімбаев сотта өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін алқабилердің қатысуымен негізгі сот отырысы басталды. Прокурордың айыптау актісінен кейін судья Айжан Көлбаева сотталушы Бишімбаевты тұрғызып, оған тағылған айыптармен келісетінін, я келіспейтінін сұрады. Экс-министр өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді.

"Мен кінәмді мойындамаймын. Менде оқиғаның қалай болғанын айтуға мүмкіндік болған жоқ. Қазір прокурордың оқып бергеннің бәрі ойдан шығарылған, ешқандай дәлел де, айғақ та жоқ. Сондықтан тағы айтайын, 110-бап (адамды қинау) бойынша қылмысты ешқашан жасаған емеспін. Оны мойындамаймын", - деді Бишімбаев.

Экс-министр адам өлтіру бабы бойынша тағылған айыппен келіспейтінін де айтты.
"Мен асқан қатыгездікпен қасақана адам өлтірген жоқпын. Менде оқиғаның қалай болғанын айтуға мүмкіндік болатын шығар. Сол кезде бәрін айтамын", - деп атап көрсетті Бишімбаев.
Бүгін алқабилер экс-министрге тағылған айыптарды, сондай-ақ, сотталушыларды тыңдап шықты. Келесі отырыс 29 наурызға белгіленіп отыр. Сол кезде жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынады.
Еске салсақ, Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты өтті.
Қуандық Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Барлығы 12 алқаби бар, оның 10-ы негізгі, екеуі қосалқы. Олар 300 үміткердің арасынан таңдалды.
"Бишімбаев Нүкенованы тыныштандырмақ болған" - адвокат жазалау бабын өзгертуді сұрады