АСТАНА, 26 наурыз – Sputnik. Ресейліктердің қатысумен салынатын жылу электр станцияларының бірінің құрылысы биыл басталуы мүмкін. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде Көкшетаудағы бір ЖЭС-тың техникалық-экономикалық негіздемесіне өзгерістер енгізіліп жатыр.
"Осы бағытта айтарлықтай прогресс байқалады. Биыл құрылысын бастауға мүмкіндік бар", - деді Сәтқалиев үкіметте өткен брифингте.
Ал тағы екі ЖЭС-тың құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Соның нәтижесінде құрал-жабдықтарға тапсырыс беріледі. Құрылыстың мерзімі де айқындалады.
"Сондай-ақ қазіргі кезде Ресейде сол құрал-жабдықтарды жеткізетін компанияларға экпорттық несиелеу бойынша жеңілдетілген қарыз беру мәселесі пысықталып жатыр", - деп атап өтті министр.