Биыл мақта алқабы 16 мың гектарға қысқартылады – министр

Мақта алқабын 16 мың гектарға, ал күріш алқабын 6,4 мың гектарға қысқарту жоспарланып отыр
Sputnik
АСТАНА, 26 наурыз – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров суды көп қажет ететін дақылдардың алаңын қысқарту шаралары жалғаса беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Биыл мақта алқабын 16 мың гектарға, ал күріш алқабын 6,4 мың гектарға қысқарту жоспарланып отыр. Ал азықтық дақылдар алаңын 68 мың гектарға ұлғайтып, 3,2 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланған.
"Майлы дақылдар алаңын 385 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда, бұл жалпы егіс алаңын 3,2 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 60 мың гектарға ұлғайтып, 1,2 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр", — деді Сапаров үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, биыл жаппай егіс науқаны мамыр айының екінші онкүндігінде басталады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрап отыр. Соның ішінде бидайға 13,3 млн гектар егістік алаңдары бөлінген.
"Жалпы, астық дақылдары, көкөніс-бақша дақылдары, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", — деп атап өтті министр.