Ақмола облысында 78 бүлдіршінге балабақшада азық-түлік өтемақысы төленбеген

Салдарынан олардың мектепке дейінгі ұйымдардан тегін тамақ алу құқы бұзылған
Sputnik
АЛМАТЫ, 26 наурыз - Sputnik. Ақмола облысы Сандықтау ауданында мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушілеріне тиісті өтемақы төленбеген, деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.
78 балабақша тәрбиеленушісіне азық-түлік үшін өтемақы төленбеген.
Негізі азаматтардың жекелеген санатына азық-түлік шығындары мемлекет есебінен өтеледі.
"Азаматтардың бұл санаттарына көп балалы отбасылар, атаулыны әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар және халықтың осал топтары жатады. Ал аудандық білім бөлімі көп балалы аналар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларды азық-түлікке өтемақы төлеу тізіміне енгізбеген", - дейді ведомство.
Салдарынан олардың мектепке дейінгі ұйымдардан тегін тамақ алу құқы бұзылған. Прокурорлар араласқан соң балабақшалардағы 78 балаға азық-түлік шығындары өтелді.
Ал білім бөлімінің 4 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.