Қытай 10 жылда Еуропаға жіберген контейнерлік пойыздың 80%-і Қазақстан арқылы өтті

Sputnik
АЛМАТЫ, 25 наурыз - Sputnik. Қытай 10 жылдың ішінде Еуропаға 85 мың контейнерлік пойыз жіберген, оның 80%-і Қазақстан арқылы өтті, деп хабарлайды көлік министрлігі.
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегация Үрімші қаласының бірқатар көлік инфрақұрылымы нысанын, оның ішінде халықаралық құрғақ портты, экспресс жеткізу орталығын (Jitu Express), "Қытай-Еуропа" теміржол экспресс хабын және Шыңжаң сауда-логистикалық корпорациясының кеңсесін аралады. Сондай-ақ Марат Қарабаев "Қытай Халық Республикасы-Еуроодақ" бағыты бойынша "Тяньшань" мерейтойлық 150 контейнерлік пойызын жөнелту рәсіміне қатысты.
""Бір белдеу – бір жол" бастамасы жүзеге асырылғалы 10 жылдың ішінде (2013 жылдан бастап) Қытайдан батыс бағытта 85 мыңға жуық контейнерлік пойыз жөнелтілген, оның 80%-і Қазақстан арқылы өткен", - дейді ведомстводағылар.
Қазақстан мен Қытай логистика инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірлескен инвестициялық жобаларды ұйымдастыру жоспарларымен келісті.
Еліміздің аумағында 3 мың бірлескен қазақ-қытай компаниясы жұмыс істеп жатыр – Бектенов