АСТАНА, 24 наурыз – Sputnik. Қазақстанда жыл басынан бері А гепататитіне шалдыққан адамдардың саны күрт өсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, үш айдың ішінде 850 адам А вирустық гепатитін жұқтырған. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 1,9 есе жоғары.
"А вирустық гепатиті лас сумен, ластанған тағаммен және науқаспен байланыста болғаннан кейін кір қолдар арқылы беріледі", - дейді мамандар.
А гепатитінің негізгі белгілері:
дене температурасының жоғарылауы;
бастың ауруы;
тәбеттің төмендеуі;
енжарлық;
жүректің айнуы;
құсу.
Инкубациялық кезең - 14-тен 35 күнге дейін.
А гепатитімен ауыратын науқас симптомдар пайда болғанға дейін екі аптада және бір аптадан кейін ауруды басқаларға жұқтыруы мүмкін.
Вакцина А гепатитінен қорғайды. Оны екі жастағы балаларға және инфекция ошақтарындағы байланыстағы адамдарға салуға болады.
Сақтану жолдары:
тамақтанар алдында, дәретханаға барғаннан кейін, жұмыстан оралғанда, серуендегенде қолыңызды жуыңыз;
ашық су қоймаларынан қайнатылмаған су ішпеңіз және онымен жемістер мен көкөністерді жууға болмайды;
ластанған су айдындарында шомылуға болмайды.