Тоқаев пен Путин "Крокустағы" терактіден кейін телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы қазақстандықтардың атынан Владимир Путинге және бауырлас Ресей халқына қайғырып көңіл айтты
Sputnik
АСТАНА, 23 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты қазақстандықтардың атынан Владимир Путинге және бауырлас Ресей халқына қайғырып көңіл айтты.
Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты зорлық-зомбылықты қатаң айыптайтынын, терроризмге қарсы күресте Ресеймен бірге екенін тағы да растады.
Өз кезегінде Владимир Путин қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Айта кетері, 22 наурызда кешкі уақытта Мәскеудегі "Крокус" орталығына қарулы шабуыл жасалды. Автомат ұстаған террористер жолда кездескеннің барлығына оқ жаудырды. Әлеуметтік желіде атыс кезіндегі жантүршігерлік кадрлар жарияланды. Қауіпсіздік қызметкерлерінде атыс қаруы болмаған және еш қарсылық көрсете алмаған. Қаза тапқандардың саны 143 адамға жетті.