АЛМАТЫ, 21 наурыз – Sputnik. Алматы облысы Қонаев қаласы мен қалаға қарасты округтерде бір күнде 2000 кг бауырсақ пісіріліп, тегін таратылды. Наурыз мерекесінде ұйымдастырылған игі шараны ұйымдастыруды Қонаев қалалық кітапханасы ұсынған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қонаев қалалық кітапхана ұжымы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арнап "Бауырсақ пати" шарасын өткізді. Кітапханашылардың басты мақсаты - қазақ елінің ұлттық дәстүрін, қонақжайлығы мен мейірімділігін дәріптеу, айналадағыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ыстық бауырсақ арқылы ыстық ықылас, жылы лебіздерін сездіру.
"Мерекеден бұрынғы 10 күндік кезінде "біз кітапханашылар бауырсақ пірісеміз" деген идеяны ұсындық. Оны қалалық мәдениет саласы қолдады", - дейді Қонаев қалалық кітапханасының директоры Айгүл Ақтанова.
Қонаев қаласында бір күнде 2000 кг бауырсақ пісірілді
© Айдана Дайырова
Идея айтылды, енді орындау керек. Бұл жерде де әртүрлі пікірлер болған.
"Мамандардың бірі үйден пісіріп әкелсек деген ұсыныс айтты. "Жоқ, осы кітапхананың алдында қара қазанға от жағып, самауырға ыстық шәй қойып, ыстық бауырсақпен елді қуантамыз" дедім. Біздің кітапханада 20 қыз-келіншек жұмыс істейді. Бәріміз осы жерде нан илеп, ашытып, бауырсақтарды пісірдік", - дейді Айгүл Ақтанова.
Қонаев қаласында бір күнде 2000 кг бауырсақ пісірілді
© Айдана Дайырова
Сөйтіп, кітапханашылар 200 кг бауырсақ пісірген. 75 кг ұн кеткен.
"Алғаш 50 кг ұн алдық, сосын 25 кг ұн сатып алдық. Өте бір қызықты шара болды. Ал Қонаев қаласы елді мекендерін қосқанда барлығы 2000 кг, яғни 2 тонна бауырсақ пісірілді", - дейді кітапханашылар.
Кітапхананың үлкен қақпасы айқара ашылып, ары-бері өткен тұрғындарды дәмнен ауыз тиюге, қазақтың бауырсағын жеуге шақырған. Шараға қатысушылар ыстық бауырсақпен қатар самаурынның ыстық шәйін ішіп, қымыз, шұбат, құрт-ірімшік секілді қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм татты.
"Қызықты сәттердің бірі өзге ұлт өкілдер “ А нам можно?”- деп сұрап, әрине можно десек бір-бірін қол бұлғап шақырып, "оказывается можно" деп оларда ауыз тиіп жатты. Бізге қуаныш сыйлаған сол халықтың алғысы болды. Тіпті бауырсақтар жетпей қалды. Келіп тағы бар ма деп сұрап жатқандар да көп болды", - дейді Айгүл Ақтанова.
Айта кетейік, қазақтың бауырсағын тонналап пісіріп, тегін тарату бұл жақта бірінші рет ұйымдастырылды.