АЛМАТЫ, 21 наурыз – Sputnik. Владимир Путин сайлау қорытындысы бойынша Ресей азаматтарына үндеу жасады. Үндеу kremlin.ru сайтында жарияланған.
"Еліміз, қоғамымыз, азаматтарымыз үшін аса маңызды сайлау науқаны аяқталды", - деді Ресей президенті.
Владимир Путин мемлекет басшысы лауазымына үміткерлер туралы айта отырып, олардың әрқайсысының нақты мәселелерді шешуге өзіндік көзқарасы бар екенін баса айтты.
"Біз барлық сындарлы ұсыныстарды, резонанс тудырған барлық идеяларды елдің дамуы мүддесі үшін ортақ жұмысымызда міндетті түрде қолданамыз", - деді Путин.
Оның айтуынша, өткен науқан өте жауапты болды.
"Жалпы алғанда, біз Ресейдің бұдан кейінгі жолын таңдадық, өзіміз бен балаларымыздың болашағын таңдадық. Бұл оқиғаның маңыздылығын сайлауға келген сайлаушылардың абсолютті көпшілігі түсінді", - деді президент.
Владимир Путин дауыс беруге қатысқан сайлаушыларға алғысын білдірді.
"Сіз азаматтық борышыңызды құрметтейтініңізді, таңдау еркіндігі мен дауысыңызды бағалайтыныңызды дәлелдедіңіз және сіздің әрбір дауысыңыз, қайталап айтамын, өте маңызды болды", - деді ол.
Путиннің айтуынша, сайлаудағы ресми жеңістен гөрі сайлаушылардың қолдауы маңыздырақ.
"Бұл біздің еліміздің саяси және экономикалық бағытын қолдау, біздің жалпы нәтижелеріміз, әрине, одан да жоғары болуы керек, бірақ бүгінде олар Ресейді одан сайын күштірек және тәуелсіз етеді", - деп қосты ол.