Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды ма - ішкі істер министрі жауап берді

Ерлан Тұрғымбаев 2019-2022 жылдары ішкі істер министрі болды
Sputnik
АСТАНА, 20 наурыз - Sputnik. Құзыретті органдар бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев фигуранттың бірі ретінде қатысып жатқан қылмыстық істі тергеп жатыр, деді ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

“Оны ішкі істер министрлігі тергеп жатқан жоқ. Сондықтан қандай іс және қай бап бойынша тергеліп жатқанын айта алмаймын. Құзыретті органдар істі қозғады, тергеуді жүргізіп жатыр. Сондықтан сұрақты оларға қою керек”,- деді Сәденов БАҚ өкілдеріне.

Осылайша ішкі істер министрі қылмыстық істің қозғалғанын растады. Бірақ артынша тілшілер нақтылағанда растаудан бас тартты.
“Мен растай алмаймын. Тағы айтайын, ішкі істер министрлігі тергеу шараларын жүргізіп жатқан жоқ. Сондықтан осы мәселеге қатысты пікір білдіруге құзыретім жоқ. Бізде кімнің тергеу жүргізіп жатқаны туралы ақпарат жоқ”,- деп атап көрсетті ішкі істер министрі.
Министр бұрынғы басшысымен жұмыс бабымен ғана араласқанын да айтты. Қазір қайда екенін білмеймін деді.
Айта кетері, Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер министрі лауазымына 2019 жылы тағайындалған болатын. 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін отставкаға кетті. Артынан президент кеңесшісі қызметіне тағайыналды. Бірақ 2022 жылдың тамыз айында президент оны осы қызметтен де босатты.