АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп сайлауда жеңіске жететін болса, Украинадағы жанжалды келіссөз арқылы шеше алатынын айтты, деп хабарлады РИА Новости.
Саясаткердің айтуынша, оның Ресей президенті Владимир Путин мен Владимир Зеленскийге айтары бар.
"Біз олардың басын қосуымыз керек және мен оларға былай айтамын: сіздер келісімге келулеріңіз керек. Сонымен қатар мен олардың әрқайсысына тағы бір нәрселерді айтамын және мұны бүкіл әлемге жария етпеймін. Бұл менің қолымнан келеді деп ойлаймын", - деді Трамп америкалық теле және радио жүргізушісі Себастьян Горькийдің подкастына берген сұхбатында.
Трамп Ресей басшысын жақсы танитынын және онымен Украина мәселесін бұған дейін бірнеше рет талқылағанын, ал АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден қақтығыс туралы мүлдем қарама-қайшы сөздер айтып жүргенін айтты.
"Байден ең ауыр сөздерді айтты, ол қақтығысты оңай тоқтата алар еді. Бірақ ол айтуы тиісті сөздерге қайшы сөздер айтты", - деді АҚШ-тың бұрынғы президенті.
Трамп өзінің президенттік науқанында сайлауда жеңіске жетсе, Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге бірнеше рет уәде берді. Саясаткердің айтуынша, ол мұны инаугурацияға дейін де жасай алады.