АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді күшейту есебінен бюджет кірісін 173 пайызға арттыруды жоспарлап отыр, деді ведомство басшысы Мәди Тәкиев үкімет отырысында.
Оның айтуынша, соңғы 5 жылда процестерді салық және кедендік әкімшілендіру есебінен бюджет 4 трлн теңгеге толықты.
Бұл ретте 4 трлн-ның 23%-ы 2023 жылға тиесілі, деп атап өтті министр.
"2024 жылы кірістер жоспарында әкімшілендіруге 1,6 трлн теңге салынды, бұл өткен жылдың деңгейінен 173%-ға артық", - делінген үкімет хабарламасында.
Министр бұл ауқымды міндет екенін, оған жету үшін бірқатар шара қабылданып жатқанын атап өтті.
Мәселен, "Таза парақтан реттеу" шеңберінде салықтық тексеруді белгілеу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесінің өлшемшарттары қайта қаралды.
"Енді олар нақты іріктеу әдісімен жүргізіледі. Салықтық тексерулер саны 2022 жылмен салыстырғанда 16%-ға төмендеген кезде салықтарды өндіріп алу екі есеге ұлғайды", — деді Тәкиев.