Келесі жылы 13 млн қазақстандық декларация тапсырады – үкімет басшысы тапсырма берді

Келесі жылдан бастап барлық азамат өздерінің табыстары туралы декларация тапсырады
Sputnik
АСТАНА, 19 наурыз - Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов барлық азаматтың табыс салығын тапсыру кезеңіне дайындық мәселесін пысықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің бүгінгі отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев салық бойынша баяндама жасады. Ал премьер-министр табыс салығын жаппай тапсыруға дайындық мәселесін сұрады.
"Келесі жылдан бастап барлық азамат өздерінің табыстары туралы декларация тапсырады. Біз оған дайынбыз ба?", - деді Бектенов.
Қаржы министрі осы жұмысқа дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі жылдан бастап 13 миллионға жуық адам декларация тапсырады.
"Біз дайынбыз. Одан басқа бізде аудандық салық басқармаларында 222 консультация беретін орын ашылды. Сол жерде барлық көмек көрсетіледі. 1414 нөміріне тікелей қоңырау шалып, кеңес алуға болады. Екінші деңгейлі банктермен жұмыс атқардық. Олардың сервистері арқылы да декларация тапсыруға мүмкіндік бар. Ал интернеті жоқ алыс жерлерлерде Қазпошта арқылы декларация қабылдаймыз", - деп атап көрсетті Тәкиев.
Үкімет басшысы деларация мүлікті бақылаудың тиімді әдісі әрі жемқорлыққа қарсы жүйе екенін ерекше атап өтті. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керек.
Қоғам
2024 жылы қаңтардан бастап кімдер табыс туралы декларация тапсырады