АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Бүгін Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Ұлпан ауылы маңында жолды су басты.
Аудандық әкімдіктің мәліметінше, Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз республикалық жолының 232 шақырымында Ұлпан ауылының тұсында автомобиль жолын еріген қар суы шайып кеткен.
Бұл аумаққа құм толы 300 қап төселгенімен суды толық тоқтату мүмкін болмаған. Қар тез еріп, жолды су шайған.
"Оқиға орнына аудан әкімі Жанболат Жидеханов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Ринат Сатаев арнайы барды. Жағдай аудан басшысының тікелей бақылауында", - делінген әкімдік хабарламасында.
Бұл аумақта су басу салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізуге 47 адам мен 11 техника жұмылдырылған. Тұрғындар назарына!
Шалқар ауданы әкімдігі аталған бағыттағы жолға шықпауды сұрады.
Бұған дейін Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар А-26 "Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз" жолын су басқаны хабарланған болатын.