АЛМАТЫ, 18 наурыз – Sputnik. Маңғыстау облысында жалған құжат жасап, біліктілігін арттырмақ болған мұғалімдердің ісі әшкере болды, деп хабарлады Almaty.tv.
Саладағы келеңсіздікті Ақтаудағы мұғалімдердің бірі жария еткен. "Сертификат алуға мектеп басшылығы мәжбүрледі" деген ол әр құжаттың кемі 17 мың теңге тұратынын айтты. Заңға қайшы әрекеттерді жайып салғаны үшін өзі де дауға қалған көрінеді.
"30 шақты адам алды. Мектеп әкімшілігі алаяқтықпен айналысады деп, керісінше менімен алысып кетті. Сапалы білім, әділдік қайда? Саналы ұрпақ тәрбиелемейміз бе? Мектеп әкімшілігінің қатысы бар деп ойлаймын. Жұмыстан шығып қалам деп қорықпаймын. Заңсыз ештеңе істемедім. Азаматтық позициям", – деді ұстаз Жаңылсын Барсаева.
Істің ақ-қарасын ажыратқан өңірдегі "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігі сертификаттардың расында заңсыз жолмен алынғанын анықтаған. Жауапты орын Астанадағы оқу-әдістемелік орталығына ресми хат жолдап, тізімдегі 40-қа жуық мұғалімнің біліктілік курсынан өтпегенін білді.
"Өрлеу-Education" орталығы сұраныс хатқа жауап берді. Олар мұндай үлгіде сертификат шығармайтынын жеткізген. Сонымен қатар көрсетілген мерзімде, желтоқсанда оқу курсы өтпеген", – деді "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалының директоры Асқар Жақсыбаев.
Бұл дерекке қатысты қаладағы оқу-әдістемелік орталығының басшылары түсінік берді. "Мұғалімдер үш жыл сайын біліктілігін арттыруға міндетті және арнайы курстан өтуге тиіс" деген олар біліктілік санатына қарай жалақы төленетінін айтты. Ал курстан өтпеген ұстаздардың айлығы аз болады.
"Мектеп әкімшілігі жағдайына қарайды, ақылы өте ме, жоқ па, өздері шешеді. Бұл курсты оқуға хат жіберілмеді. Өздері іздеп тауып алған. Мұғалімнің айлығына әсер етеді. Категория ала алмай қалса, әрқайсының белгіленген ақша мөлшері төленбейді", – деді оқу-әдістемелік орталығының директоры Күлпан Мирова.
Қазір жалған құжатқа қатысы бар деген мұғалімдерден жауап алынып, тергеу басталды. Облыстық полиция департаменті "Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу фактісі бойынша" қылмыстық істі тіркеп үлгерді. Заңға сәйкес, дерек расталған жағдайда азаматтарды 4 жылға бас бостандығынан айыру немесе ірі көлемде айыппұл салу қарастырылған.