"Барлығының кредиті, қарызы бар": Суррогат ана іздейтіндер саны артып барады

Қазақстандағы суррогат аналар өз қызметіне 5 миллион теңгенің айналасында алады
Sputnik
АЛМАТЫ, 18 наурыз – Sputnik. Қазақстанда ерлер мен әйелдер арасында бедеулік дендеді.
Репродуктологтар бұл дерттің тіпті жасарып бара жатқанын айтады. Осыған байланысты құрсақ ананың қызметіне жүгінетіндер саны артқан. Sputnik Қазақстан тілшісі зерттеп көрді.
Гүлжан – құрсақ ана. Өзінің бір баласы бар. Жалғызбасты ана бір баласының жағдайын жасау үшін тағы екі рет жүкті болған. Бірақ өзге отбасы үшін.
"Қазір жасым 35-те. Өмірімде екі рет құрсақ ана болдым. Негізі суррогат ана туралы алыс туыс әпке-жездемнен естідім. Өйткені ол кісілер он жылдай бала көтере алмай, осы құрсақ ананың қызметіне жүгінген. Олар тапты, балаларын құрсақ ана арқылы өмірге әкелді. Кейін өзім баламен жалғыз қалдым. Ақша жағынан қатты қиналдым. Сол кезде құрсақ ана болдым", - дейді Гүлжан.
Оның айтуынша, суррогат орталықта барлық құжатты толтырып, психологиялық жағынан дайындаған.
"25 жасымда құрсақ ана болдым. 9 ай көтердім, әрине өте жауапкершілікпен қарадым. Шынымды айтайын, өз балам сияқты емес, керісінше кісі баласы ретінде уайымдаумен болдым. Бар ойым "әке-шешесіне аман-есен туып берсем" екен деген ой ғана болды", - дейді құрсақ ана.
Гүлжан құрсағындағы балаға анасы емес, жұмыс ретінде ғана қарағанын айтады.
"Бұл мен үшін жұмыс, үлкен бір міндет деп қарадым. Баланы босанғаннан кейін өз әке-шешесі бірден алып кетті. Мен бұл қадамға жетіскеннен бармадым. Күйеуім жоқ, өзімнің бір баламды бағу үшін бардым. Бұл қылмыс емес, бәрі заңды түрде болды. Керісінше баласы жоқ отбасына қуаныш сыйладым деп ойлаймын", - дейді құрсақ ана Гүлжан.

Әйелдердің денсаулығын 10 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді

Күйбең тірлікті күйттеп, қайтсем ақша тауып, жағдайымды жасаймын дейтін әйелдер денсаулығына уақтылы көңіл аудармайды.
"Тіршілік үшін жанталасам деп, әйелдер күйзеліске түседі. Көбінесе карьера қуып, уақтылы тұрмыс құрмайды. Әйелдер де еркектерге ұқсап кеткен. Үй алайын, жағдайымды жасайын деп ойлайтындар көп. 40-45-50 жасқа келіп тұрмысқа шығатындар бар. Әйтеуір бір туамын деп ойлайды. 10 жыл бедеуліктен кейін келетіндер де көп", - дейді репродуктивтік медицина институтының репродуктолог дәрігері Аяулым Қосетова.
Оның айтуынша, бедеулік диагнозы жас талғамайды, кез келген адамда болады.
"Қазіргі таңда ерлер мен әйелдер арасындағы бедеулік тепе-тең, тіпті еркектердің бедеулігі дендеп барады. Денсаулығы жоқ. 10 жылдап емес, бір жылда бала көтере алмаса, ерлі-зайыпты бірден денсаулығын тексертіп, тиісті ем алуға асығу керек", - дейді Аяулым Қосетова.
Мейлі қолдан ұрықтандыру, мейлі құрсақ ана қызметі болсын Қазақстанда заңмен жүзеге асырылады.
"Ерлі-зайыпты бала сүю бақытына жету үшін бізде заң өте жақсы қарастырылған. Сол себепті құрсақ ананың қызметіне қорықпай жүгінуге болады. Жастайынан жатырынан айырылып қалған әйелдер бар. Жатыры жоқ болғанымен екі аналық безінде клеткасы көбейіп тұр, өз клеткасымен бала сүйе алады. Оған жатырың жоқ, енді бала сүймейсің деп айтуға мүлдем болмайды. Жатыры жоқ ана өз клеткасымен сәби сүйе алады. Ол мүгедектік емес", - дейді репродуктолог.
Дәрігер мұндай аналар құрсақ ананың қызметіне жүгіне алатынын атап өтті.
"Құрсақ ана сәбиді көтергенімен, бала оған ұқсап кетпейді, балаға еш қатысы жоқ, генетикасы берілмейді. Жатыр тек баланы көтереді. Құрсақ ананың қызметіне жүгінген ерлі-зайыптының аналық жасушасы мен аталық ұрығында 100% генетика сақталады, сол себепті сәби құрсақ анаға мүлдем ұқсамайды. Нәресте тапсырыс берген ата-анасынан аумай дүниеге келеді", - дейді Аяулым Берікболқызы.

Еркектер денсаулығын түзетудің орнына бірнеше миллионға көлік сатып алады

Репродуктолог алдына көз жасы көл болып, талай жас келгенін айтады.
"27 жастағы жап-жас келіншек босанған кезде баласынан да, жатырынан да айырылып қалды. Қаншама күйзеліске түсті. Жан құрбысына айтып, құрбысы біздің пациентке бала туып берді. Перзентханадан шыққанда жаңағы жап-жас ерлі-зайыпты өз атына баласын жаздырып, ата-ана болып шықты. Күйеуі де, науқас әйел де, жан құрбысы да бақытқа бөленді", - дейді репродуктолог.
Кейбір шетелдік мемлекеттерде құрсақ анаға тыйым салынған.
"Әлем чемпиондарының өзі қаншама ондаған жыл еңбек етеді, сондағы мақсаты – бір медаль алу. Перзент сүю де үлкен еңбек. Бала деген ол ешбір ақшамен, жағдаймен салыстыруға келмейтін шексіз бақыт. Оған еңбектену керек. Кейбір баласы жоқ ер адамдар денсаулығын түзетудің орнына бәленбай миллионға көлік сатып алады. Медициналық туризм Қазақстанда дамып келеді. Еуропа, Германиядан келіп, құрсақ анасынан балаларын алып кеткендер бар. Балаларын бауырына алып, сондай қуанғанын көрсеңіздер ғой, керемет көрініс", - дейді Аяулым Берікболқызы.

Құрсақ ана іздейтіндер саны артып барады

1998 жылы құрсақ ана туралы жәй ғана түсінік болса, қазір бұл туралы әсіресе баласы жоқ пенде біткеннің бәрі хабардар.
"Университетте құқықтан сабақ бердім. Сосын кандидаттық жазам деп, суррогат ана тақырыбын таңдап, материал жинағанда бұл проблеманың өте үлкен екенін, халық үшін бұны шешу жолын табу керек екенін түсіндім. Басқа елдерде суррогат ана мен балаға тапсырыс беруші отбасының екі жақты міндеттері мен құқықтары нақты жазылған. Ал біздің елде тек бір тарабы болды. Тәжірибе кезінде бұл мәселенің шешімі тіпті тереңде жатқанын түсіндім. Біздің елдегі бала сүйе алмаған әйелдердің негізгі проблемасы – құрсақ ана мен донор іздегенде лайықты кандидат таппауы", - дейді "Болашақ" суррогат ана орталығының негізін қалаушы Дамира Бекбергенова.
Дамира Бекбергенованың айтуынша, біздің қоғам құрсақ ананың қызметіне әлі күнге үрке қарайды.
"Ең басты мәселе қоғамның қандай пікір айтатынында емес, басты мәселе – ана болу, сәби сүю. Құрсақ ана мен биоаналарды жерден алып, жерге салудың қажеті жоқ. Құшағында баласы бар әйелдер негізі бедеу аналарды түсінбейді, түсінгісі келмейді. Өкінішке қарай, құрсақ ана іздегендер саны жыл сайын артып келеді", - дейді Дамира Бекбергенова.
Құрсақ ана болғысы келетіндер де аз емес, бірақ барлығы бірдей жарай бермейді.
"Мұқият тексеруден өткізген кезде құрсақ ана болуға жарамай қалатындар да көп. Біздің суррогат орталыққа келіп, құрсақ ана болуға өтініш білдірген жас әйелдердің барлығы білімді, қызметте жүргендер. Жоғары, орта арнайы білімі барлар. Білімі жоқ, жұмысы жоқтар өте аз келеді. Көбісі жұмыс істейді, бірақ олардың жалақысы өмір сүруге жетпейді. Қыздар тек балаларының өмірін жақсартқысы келеді, баспана алу үшін алғашқы жарнаға ақша тапқысы келеді. Келгендердің барлығының кредиті, қарызы бар", - дейді "Болашақ" суррогат ана орталығының директоры Дамира Бекбергенова.

"Суррогат ана болу – жоқшылықтың салдары"

"Суррогат ана болуға әйел жетіскеннен, іші пысқаннан бармайды. Бұл біздің әлеуметтік жағдайдың көрінісі. Егер әйелдің жағдайы болса, біреуге бала тауып беретін басы екеу емес, бұл жоқшылықтан. Несие жабу керек, баспанаға қаражат жинау, баласын оқыту немесе баласын емдеуге ақша керек болғанда барады. Яғни әлеуметтік жағдайы нашар кісілер барады. Жатырын жалға берді деп оларды сынауға болмайды, әр адамның өз құқы бар. Өмірде нешетүрлі қиын жағдайларға тап болып жатады", - дейді биология ғылымдарының докторы, профессор, "NGC" Халықаралық репродукция орталығы және "ЭКОМЕД" адам ұрпағын өрбіту клиникалар тобының ғылыми жетекшісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Салтанат Байқошқарова.
Кей мемлекеттерде бұл әдіске рұқсат жоқ. Солардың қатарында Корея, Жапония, Қытай мен Өзбекстан және басқа да мемлекеттер бар.
"Құрсақ анаға берілетін қаражат АҚШ-пен салыстырғанда жер мен көктей. Ол нәрестеге тапсырыс берушілер мен құрсақ ана арасында келісімшарт негізінде жасалады. Біз оларға кіріспейміз, тек медициналық қызметін ғана көрсетеміз", - дейді Салтанат Байқошқарова.
Құрсақ ананың жасы 35-ке дейін және баласы болу керек. Денсаулығында еш кінәрат болмауы шарт.
"Былтыр 7000-ға жуық эмбрион салсақ, соның 75-і құрсақ анаға салынған, сонда 1% қана. Басқа орталықтардан сұрастырып көріп едім, оларда да ондай көп емес. 100 әйелге шаққанда шамамен 2-3% болады. Жалпы мен құрсақ ана туралы жарнама жасамаймын, бірақ, дәл осы қызметке мұқтаж адамдарға ғана көрсетілуі керек. Бұл әсіресе жатыры жоқ, мүлдем бала көтеруге келмейтін әйелдерге ғана көрсетілуге тиіс", - дейді биология ғылымдарының докторы.

Суррогат ана іздегендердің өзінің де жағдайы жоқ

Салтанат Байқошқарованың айтуынша, құрсақ ана қызметіне жүгінетіндердің кейбірінің жағдайы мәз емес.
"Тапсырыс беретіндердің көбінің жағдайы жоқ. Сонда қарап отырсаңыз, тапсырыс берушінің де, құрсақ ананың да жағдайы жоқ. Жалданған әйел көп жағдайда азын-аулақ 4-5 миллион теңгесін алсам деп тұрады. Ақша тапсам екен, қарызымды жапсам екен деп әртүрлі әйелдер келеді. Бірақ бәрі жарамды бола бермейді. Суррогат болғысы келетіндер біздің орталыққа ғана емес, басқа да орталықтарға жүгінеді", - дейді Салтанат Берденқызы.
Барлық іріктеуден өткенімен, келісімшарттың талаптарын орындамай қара тізімге кіретін суррогат аналар да болады.
"Алғашқы іріктеу кезінде де, кейінгі сатысында да проблемалар кездесіп жатады. Бұнымен заң фирмалары айналысады. Суррогат ананы 9 ай бойы қадағалайды. Өйткені тапсырыс беруші де құрсақтағы нәрестенің қалай өсіп жатқанына алаңдайды. Құрсақ ана сабырлы, жүйкесі орнында болуы керек. Қалай дегенмен балаға әсер етеді. Құрсақ анаға жалпы әлеуметтік және адами тұрғыдан да іріктеу жасалу керек", - дейді "ЭКОМЕД" адам ұрпағын өрбіту клиникалар тобының ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова.
Жалпы Қазақстандағы суррогат аналар өз қызметіне 5 миллион теңгенің айналасында алады. Ал өзгенің сәбиін туып беруде тәжірибесі бар құрсақ аналар қызметін жоғары бағалайды. Олардың құны 11-12 миллион теңгеге дейін баруы мүмкін.
Sputnik Қазақстан суррогат ана қызметі бойынша интернеттегі біраз сайттың жұмысын зерделеп көрді. Құрсақ ана болам деп емес, керісінше "керек" деп іздегендердің санында шек жоқ. Ал төлейтін ақысын нақты білу үшін анкетасын толтырып, тексеруден өтуің керек.