АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Қазақстан парламенті сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин Ресейдегі президент сайлауына келушілердің белсенділігі жоғары екенін атап өтті.
Лукиннің айтуынша, учаскелердегі сайлауға келушілердің үлесі қазірдің өзінде 38 пайызды құраған.
"Бұл азаматтардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалғанын көрсетеді", - деді ол.
Қазақстандық сенатор сайлау халықаралық заңдарға сәйкес өтіп жатқанын да қосып өтті.
Ресейдегі сайлаудың екінші күні таңғы сағат 08:00-дегі жағдай бойынша дауыс беруге сайлаушылардың 38,35 пайызы қатысқан. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Николай Булаев мәлім етті.
Бейсенбі күні Мәскеу уақытымен сағат 23:00-де Камчаткадағы Чукоткада алғашқы сайлау учаскелері ашылды. Жұма күні сағат 9:00-де Ресейдің ең батыс аймағы – Калининград облысында дауыс беру пункттері ашылған болатын.
Сайлауда 2,6 миллионға жуық ресейлік мерзімінен бұрын дауыс берді.
Үш күн бойы сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
17 наурыз, жексенбі негізгі дауыс беру күні болады.
Ресей президенті Ресей Федерациясының Конституциясына, 2002 жылғы 12 маусымдағы "Сайлау құқықтарының негізгі кепілдіктері және Ресей Федерациясы азаматтарының референдумға қатысу құқығы туралы" және 2003 жылғы 10 қаңтардағы Ресей Федерациясының президентін сайлау туралы" федералдық заңдарына сәйкес сайланады.