АЛМАТЫ, 16 наурыз - Sputnik. Елордада 500-ден астам тұрғын жылдап күткен үйлеріне қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Барлығымыз 100 пайыз толық төлем жасадық. Сонда да үй салынбады. 2022 жылы қолданысқа берілуі керек еді. Бірде-бір құрылыс жұмысы жүргізілмеген", – деді қала тұрғыны Жібек Сексенбаева.
Құрылыс компаниясына толық төлем жасаған үлескерлер баспаналарын 3 жыл бойы сарыла күткен.
"Үш жылдан бері сабылып жүрміз. Қатарымызда көпбалалы, жалғызбасты аналар мен зейнеткерлер бар. Бәрі қаланың әр бұрышында пәтер жалдап тұрып жатыр. Ол да бізге үлкен шығын. Үйге деп жинаған бар ақшамызды бердік. Үй де, ақша да жоқ", – деді қала тұрғыны Айдана Бексұлтанова.
Жоспар бойынша баспаналар 2022 жылы берілуі керек болған. Кейін сан сылтаудан шаршаған үлескерлердің көзін әкімдіктегілер ашады. Компанияның көпқабатты үй тұрғызбақ түгілі, шеге қағуға да рұқсаты жоқ болып шықты. Алданған азаматтар енді адвокат жалдап, істі құзырлы органдарға дейін жеткізбек.
"Компанияның рұқсат қағазы жоқ. Ақшаны "ЖСК ОАЗИС" жинаған. Жерге қатысты ешқандай құжат жоқ. Жер тек қана жобалық жұмыс жасауға берілген. Бірақ құрылыс салуға да, азаматтардың ақшасын жинауға да құжаты жоқ", – деді қорғаушы Жанарбек Бектеміров.
Үйден үмітті үлескерлердің мәселесінен әкімдіктегілер де хабардар болып шықты. Аты шулы алаяқ компаниямен бірлесіп, күресіп келеміз деп сендірді. Әкімдік өкілінің айтуынша, жоспардағы үйді толық аяқтау үшін тағы 2 млрд теңге қажет. Заңсыз басталған баспаналардың құрылысына қатысты техникалық аудит жүргізілген. Қорытындысы әділет министрлігінде әлі шықпаған көрінеді.
"Заңсыз құрылысқа байланысты құрылыс салушы мен мердігерге шара қолданылған. Оларда заңсыз ақша жинағаны үшін айыпталды. Бірақ барлық құрылыс салушылар сияқты олар тек айыппұл төледі. Басқа қатаң санкция жоқ. Осындай нысандар көбеюіне байланысты үкімет санкцияларды қатаңдату және өзгерістер еңгізу мәселесін қарастыруда", – деді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы Шапағат Балтабайұлы.
Тұрғындардың алды мердігер компанияға 8 млн, ең көбі 50 млн теңгеге дейін жинап берген.