АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. ҚТЖ теміржол магистралін жоспарлы күрделі жөндеуге кірісті. Жолды жаңғырту оңтүстік өңірде Арыс-1 – Талдықұдық – Шағыр аралығында басталды. Наурыз айының соңына дейін Аққұм – Талап (Қызылорда облысы) және 15 Рзд.– Ақ-Қыстау – Бақсай рзд. (Атырау облысы) аралықтарында жұмыстар басталады.
"2024 жылы барлығы 570 шақырымнан астам теміржол күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, жолды орташа жөндеуді күшейту, рельсті тіректер мен рельсті жолдарды үздіксіз ауыстыру қарастырылған. Жалпы жөндеудің барлық түрлерімен 1400 км теміржол төсемі қамтылатын болады", - делінген "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясының хабарламасында.
Жұмыстардың үлкен көлемі Ақтоғай – Семей – Алтай (153 км), Шу – Қандыағаш (266 км), Қандыағаш – Ақсарай (138 км), Астана – Алматы (260 км), Алматы – Павлодар (106 км), Жаңа – Есіл – Көкшетау (161 км) учаскелерінде жоспарланған.
2029 жылға дейін ҚТЖ 11 мың шақырым теміржол учаскелерін жөндеуді жоспарлап отыр.