Жаңа Елтаңбаның жобасын жасауға байқау жарияланады – президент

Алдымен арнаулы комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді
Sputnik
АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерге өзгеріс енгізуге қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президенттің пікірінше, көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. "
"Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан", - деді Тоқаев Атырауда ашылған ұлттық құрылтайды.
Алайда президент елтаңбаға қатысты сыни пікірлер орынды айтылып жүр деп есептейді. Айтуынша, біреулер оны кеңес заманындағы гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейтіндер де бар.
"Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады", - деп атап көрсетті Тоқаев.