АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы 2025 жылы Көкшетау қаласында өтеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
"Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын", - деді Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында.
Ол мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор екенін атап өтті.
"Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады", - деді президент.