Қоғам

Тоқаев елдің емес, қара басының қамын ойлайтын бизнесмендер туралы айтты

Президент кәсіпкерлерді мешіттен гөрі мектеп пен аурухананы көбірек салуға шақырды
Sputnik
АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мүддесін бәрінен жоғары қойып, жеке мәселесін мемлекет есебінен шешуге тырысатын бизнесмендер туралы айтты.
Айтуынша, кездесулерде кейбір кәсіпкерлер алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады.
"Тіпті, бизнес-жобасына қолдау көрсетуді, өзіне жеңілдік беруді сұрайды. Сол үшін мемлекеттік органдарға тапсырма беруімді өтінеді. Бір сөзбен айтсақ, баяғы, үйреншікті жолымен жүргісі келеді. Өз мүддесін бәрінен жоғары қойып, жеке мәселесін мемлекет есебінен шешуге ұмтылады", - дейді Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында.
Осы орайда президент басқа елдердің кәсіпкерлерін үлгі етті.
"Көптеген елдің, тіпті, көрші елдердің өзінде ірі кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды. Керісінше, туған елін дамытуға өз еркімен қыруар қаржы жұмсайды. Осы елде кәсібін жасап, байыған адамдар қара басының ғана емес, елдің де қамын ойлауға тиіс деп санаймын. Олар жеке мүддесін қоғам мүддесімен үйлестіре білуі қажет", - деп мәлімдеді ол.
Десе де, президенттің айтуынша, елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді.
"Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық", - деп санайды Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет.
"Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады", - деді президент.
Ол елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек екенін атап өтті.
Әбіш Кекілбаев нағыз зиялы адам, кемеңгер тұлға болды – президент