АСТАНА, 15 наурыз - Sputnik. Украинаның қаржы министрі Сергей Марченко жұма күні АҚШ-тан көмек болмаған жағдайда "Б" жоспары іске қосылатынын мәлімдеді.
Жоспарға сәйкес конгресс қажетті шешім қабылдамаса, Украина "Үлкен жетілік" елдерінен Киевке көмектесу үшін жарна көлемін ұлғайтуды сұрамақ.
"Біз әрқашан өз мүддеміз тұрғысынан мәселенің оңтайлы шешілуін күтеміз және конгрестің төменгі палатасында шешім табылып қалар деп үміттенеміз. Ал қазір бұған негіз бар. Біз тікелей бюджеттік қолдау көрсетілгенін қалаймыз", - деді Марченко "Рада" телеарнасында.
Оның айтуынша, Украина "G7 аясында қабылданған сенімді серіктестер пулын қалыптастыру үшін" ХВҚ-мен ынтымақтастық орнатуда АҚШ-тың қолдауына мұқтаж.
Сонымен бірге, Марченконың айтуынша, Киев басқа нұсқаларды да қарастырып жатыр. Ол бұл "Үлкен жетілік" елдері ғана емес, Солтүстік Еуропа елдері де болуы мүмкін екенін атап өтті.