Жамбыл мен Жетісу облыстарында бірнеше мыңдаған тонна жүгері өтпей тұр

Sputnik
АЛМАТЫ, 14 наурыз – Sputnik. Жамбыл мен Жетісу облыстарында шаруалардың мыңдаған тонна жүгерілері өтпей жатыр. Мәселенің мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
Жетісу облысында былтыр 57 мың гектарға жүгері егілген. Одан 391 мың тоннадан астам өнім алынған. Биылғы бірінші қаңтарға дейін 104 мың тонна жүгері өтпей қалған.
"Биыл бірінші қаңтарда өткізілмеген 104 мың тонна жүгерінің қоймалар мен қырмандарда қазіргі күні қалғаны 48435 тонна. Облыстағы қоймаларда 41429 тонна, ал қырмандарда 7006 тонна жүгері бар", - дейді Жетісу облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Кененбаевтың айтуынша, жүгеріні өткізу үшін республикалық жұмыс тобы құрылған.
"Қазіргі кезде "Іргетас Трейд" компаниясы жүгеріні қабылдап жатыр. Наурызда Ескелді және Сарқан аудандары шаруашылықтарының қоймасынан 490 тонна жүгері қабылдады. Жалпы осы компания 6,4 мың тонна жүгері алды, бұл жұмыс әлі де жалғасын табады", - дейді Нұрдәулет Кененбаев.
Бұнымен қоса Жаркенттегі крахмал-сірне зауыты да жүгеріні қабылдап жатқан көрінеді. Мұндағы өткізілген жүгерінің жалпы көлемі 12,4 мың тонна.
Ал Жамбыл облысы Қордай ауданы да жүгеріні өткізе алмай әбігер болып жүр.
"Жалпы 8000 гектарға жүгері еккенбіз. Бірақ су тапшылығына байланысты 2840 га жер есептен шығып қалды. Қалған 5240 га алқаптан орташа есеппен барлығы 34 мың тонна жүгері алынды", - дейді Қордай аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов.
Кезінде килограмы 110 - 120 теңгеден, тіпті 150 теңгеден сатылған жүгерінің Қордайдағы қазіргі бағасы небәрі 65 теңге. Соның өзін өткізу мұң болып тұр.
"Қазіргі күні жүгерімен айналысқан бір шаруаның өзінде мыңдаған тонна жүгері тұр. Бұрын Шымкенттің кәсіпкерлері келіп алатын, сосын Алматы облысы Шамалғанның кәсіпкерлері қабылдайтын. Бірақ олар да бағаны аз ұсынатындықтан шаруалар сатуға құлықсыз. Құс фабрикаларынан да жүгеріге деген сұраныс азайып кетті", - дейді бөлім басшысы.
Қазіргі күні Қордай ауданында кемінде 5 мың тонна жүгері бар дейді мамандар. Жүгерінің бір жақсысы кептіріліп, жақсы сақталса біраз жылға азық. Кеміргіштер мен құстарға жем болмайды. Шаруаларға бұл да медет, өйткені келесі астық піскенше әупірімдеп өткізіп, пайдасын көруге болады. Ал қазірге мыңдаған тонна жүгеріге тек мал бордақылайтындардан ғана сұраныс түсіп тұр.