Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Трамп Еуропаны Украинаға көбірек ақша жұмсауға шақырды

Sputnik
АСТАНА, 14 наурыз - Sputnik. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Украинаны қаржыландыруға Еуропа да АҚШ сияқты көп ақша жұмсауы керек, өйткені қазіргі жағдай Америкаға қатысты әділетсіз деп санайды.
Newsmax басылымына берген сұхбатында Трампқа "президент болып қайта сайлансаңыз, Украинаға бөлінетін қаржыны қысқартуды жоспарлап отырған жоқсыз ба?" деген сұрақ қойылды.
"Еуропа біз төлейтін ақшаның аз ғана бөлігін төлейді. Еуропа елдері бірігіп АҚШ беріп отырған көлемдегі қаражатты төлеуі керек. Оларға бізден әлдеқайда үлкен қауіп төніп тұр. Еуропа Украинаға шамамен 100 миллиард доллар аз жұмсайды. Бұл Америкаға қатысты әділ емес. Бұл америкалық салық төлеушілерге қатысты әділ емес", - деп жауап берді Дональд Трамп.
Трамп бұған дейін АҚШ-та қарашада өтетін сайлауда жеңіске жететін болса, альянстың болашағын талқылау үшін 2025 жылдың маусымында НАТО саммитін шақыруы мүмкін екенін ашық айтқан.
Саясаткер Оңтүстік Каролинадағы өзін қолдайтындардың митингісінде өзі президент болған тұста НАТО елдерінің бірінің басшысы "Ресей шабуыл жасаған жағдайда АҚШ альянсты қорғай ма" деп сұрағанын айтты. Трамп қорғамайтынын, өйткені НАТО елдері қорғанысқа жеткілікті қаражат бөлмейтінін жеткізген.
Сондай-ақ Трамп альянстың жұмысына көңілі толмайтынын білдіріп, еуропалық серіктестер өз қауіпсіздігі үшін үлкен көлемде қаржы бөлмесе, АҚШ ұйымнан шығады деп сес көрсетті.
Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында Мәскеу НАТО елдеріне шабуыл жасамайтынын, мұның мәні жоқ екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ресей басшысы Батыс саясаткерлері ішкі проблемадан басқаға назар аудару үшін өз халқын ойдан шығарылған ресейлік қауіппен үнемі қорқытатынын, бірақ "ақылды адамдар мұның жалған екенін жақсы түсінетінін" айтты.
Путин Батыс елдері Ресейдің Украинамен қақтығыста стратегиялық жеңіліске ұшырауы мүмкін емес екенін түсіне бастағанын, сондықтан Ресейдің диалогқа дайындығын және келесі қадамдар туралы ойлануы керектігін мәлімдеді.
Ресей Украинаға қару-жарақ жеткізу қақтығысты реттеуге кедергі келтіреді, НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады деп санайды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаға арналған қаруы бар кез келген жүк Ресей үшін заңды нысанаға айналатынын айтты. Лавров сондай-ақ АҚШ пен НАТО Украинадағы қақтығысқа "тек қару-жарақ жеткізу арқылы емес, сонымен бірге Ұлыбритания, Германия, Италия және басқа елдердің аумағында кадр даярлау арқылы" тікелей араласып жатқанын мәлімдеді. Кремль Украинаны Батыстан қару-жарақпен қамтамасыз ету келіссөздерге көмектеспейді және кері әсер етеді деп мәлімдеді.