АСТАНА, 14 наурыз – Sputnik. Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев "Хабар" телеарнасында зорлық-зомбылықты насихаттаған "Бірақ" ток-шоуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әшімбаев бұл мәселеге байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да өз бағасын бергенін және ток-шоу жабылғанын атап өтті.
"Халықтың пікірі ескерілді деп айтсақ орынды болады. Осы ток-шоуды дұрыс ұйымдастыра алмаған телеарна қызметкерлерінің жұмысына да баға берілген шығар. Сондықтан бұл ток-шоу жабылды, әрі қарай мемлекеттік арналарда мұндай олқылықтар болмайды деп сенеміз", - деді Әшімбаев сенат кулуарында.
Ол "Хабар" телеарнасының ішінде осы мәселеге байланысты тиісті шешім қабылданады деп ойлайды.
"Өйткені бұл мәселені министрлік бақылауда ұстайды. Бұл жерде агенттіктің басшылығы да, министрліктің басшылығы да өздерінің жауапкершілігін сезініп отыр. Сол себепті агенттік басшылығы тарапынан тиісті шешімдер болады деп ойлаймын", - деді сенат төрағасы.
Осы орайда журналистер "салық төлеушілер есебінен жұмыс істеп тұрған мемлекеттік телеарналар қаншалықты қажет" екенін сұрады.
"Қазір зорлық-зомбылық мәселесі біздің қоғам үшін өте өткір және өзекті екені түсінікті. Бірақ ток-шоумен байланысты осы кейске қарап бірден барлық мемлекеттік арнаны айыптауға болмайды. Олар халыққа ақпарат жеткізу, елдегі оқиғалардан хабар тарату сияқты функцияларын орындап отыр. Сол себепті әрбір елде мемлекеттік те, жекеменшік БАҚ та, блогерлер де, қызметін заңды түрде жүргізетін басқа да субъектілер болуы керек. Сондықтан арна басшылығы да, тиісті мемлекеттік органдар да қорытынды шығарды деп ойлаймын", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, "Хабар" арнасынан шыға бастаған "Бірақ" ток-шоуы жұрттың ашуын туғызған болатын.
Редакция күйеуінен зәбір көрген 6 баланың анасын студияға шақырған. Ол 18 жыл бойы зорлық-зомбылық көрген. Күйеуі ұрып-соғып, қолын да сындырған. Бағдарлама авторлары әйелдің түрін көрсетпеуге уәде берген, күйеуі бағдарламаға шақырылмайтынын айтқан. Бірақ ешбір уәде орындалмаған. Салдарынан студияда күйеуін көрген әйелдің психологиялық жағдайы қиындап кетті.
Қоғам наразылығын тудырған оқиғадан кейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ток-шоу жабылатынын мәлімдеді.