Қорқор шегуге рұқсат берген мейрамхана мен бар иелеріне айыппұл салынады

Қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салу туралы норма 2020 жылы қабылданған
Sputnik
АСТАНА, 14 наурыз – Sputnik. Қазақстанда кальян шегуге рұқсат еткен мейрамханалар мен барлардың иелеріне салынатын айыппұл сомасы ұлғаяды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мейрамханалар мен барларда кальян шегетінін бәріңіз де білесіздер. Бүгінгі заңнама тұтынушының өзіне ғана шара қолдану мәселесін реттейді, бірақ рестораторлар мен кәсіпкерлерге қатысты норма жоқ. Осыған байланысты біз жауапкершілікті күшейтуді көздеп отырмыз. Яғни айыппұл мөлшерін ұлғайту және рестораторлар мен кәсіпкерлерге қатысты норма қабылдау туралы ұсыныс енгіздік", - деді Сәрсенбаева сенат кулуарында.
Айтуынша, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салу туралы норма 2020 жылы қабылданған. Бірақ елімізде ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғандықтан, бұл норма орындалмаған. Азаматтар тарапынан шағым болмағандықтан, оларды тексеру де мүмкін болмаған.