АСТАНА, 14 наурыз – Sputnik. Алматы облысындағы 278 үйде 12 мыңнан астам шетелдік аазматтар тіркелгені анықталды.
Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше аталған үйлердің қатарында тұрғын үйлер мен мекен-жайы жоқ үйлер де болған. Мысалы, Қарасай ауданы Батан ауылындағы үйлердің бірінде 300-ден астам шетелдік азамат тіркелгені белгілі болды.
"Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 394-бабы (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, үш мың заңсыз көшіп келушінің мемлекеттік қазынаға 79 млн теңге көлемінде салық төлемеу фактілері анықталды, олар бойынша өндіріп алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, сот шешімі бойынша елден шығарылуға жататын 29 заңсыз көшіп келуші мен қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 43 заңсыз көшіп келуші елден шығарылмаған", - деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.
Жалпы, тексеріс барысында облыс прокуратурасы көші-қон заңнамасын бұзудың 600-ден астам дерегін анықталып, 17 көші-қон полиция қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды.
Қазіргі уақытта аталған бұзушылықтарды жою жұмыстары жүргізілуде.