АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Павлодар қаласының әуежайы арнайы техниканы жоғарғы бағамен сатып алуды жоспарлағаны анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет еріктілері "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігімен бірге мемлекеттік сатып алу сайтына мониторинг жасап, Павлодар әуежайының арнайы техниканы жоғарғы бағамен сатып алуды жоспарлағынын анықтады", - делінген хабарламада.
Әуежай жалпы сомасы 64 478 000 теңгеге 2 жүк көлігін сатып алуды жоспарлаған. Сондай-ақ 46 455 000 теңгеге ассенизаторды және 31 млн теңгеге жүк көлігін сатып алмақ болған. Аталған арнайы техникалардың нарықтағы бағасы әлдеқайда төмен. Мысалы ассенизатордың бағасы – 21 млн теңге болса, ал жүкті өзі түсіретін көліктің орташа бағасы – 25 млн теңге құрайды.
Антикордың араласуынан кейін тендер тоқтатылды. Соның арқасында бюджеттің 142 млн теңгесін тиімсіз жұмсауға жол берілмеді.
Айта кетері, бүгінде кез келген адам мемлекеттік сатып алу сайтына мониторинг жүргізіп, осындай фактілерді анықтай алады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің еріктілері мемлекеттік сатып алуға қалай мониторинг жасауға болатынын үйретуге дайын.