АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады. Бұдан былай жыл сайын 14 – 23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өткізіледі.
"Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны "Наурызнама" деп атаған. Әрине, бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз - Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған", - деді Барлыбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Наурызнаманың бағдарламасы:
14 наурыз күні – Көрісу күні-Амал мерекесі тойланады. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Бүгінгі күні аталған мерекені барлық аймақтарда тойлау ұсынылды.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ол күні қазақтың мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталады.
17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға арналған түрлі іс-шараларды өткізу ұсынылып отыр.
19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау болып табылады.
22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.
"14-23 наурыз аралығында "Наурыз-базарлық" маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өткізу, жеңілдіктер жасау жоспарланып отыр", - деп атап көрсетті Барлыбаев.
Бүгінде Наурыздың бірегей логотипі де бекітіліп, барлық аймаққа жіберілді.