"Хабар" телеарнасындағы қоғам сынына ұшыраған ток-шоу жабылады

Sputnik
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. "Хабар" телеарнасының жақында ғана жарық көрген "Бірақ..." бағдарламасы қоғам тарапынан сынға ұшырады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдің тағдырын студияда талқылап, оған берген қауіпсіздік және көпшілік алдында жүзінің жасырын қалу уәдесін орындамаған ток-шоу жүргізушілерінің ісі желі қолданушыларын бей-жай қалдырмады.
Осыған орай мәдениет және ақпарат министрі ток-шоу өз міндетін орындамағандықтан жабылатынын мәлімдеді.

"Отбасылық құндылықтарды насихаттау, ана мен баланы қорғау жөніндегі қызметті үйлестіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды насихаттау – Министрліктің басты міндеттерінің бірі. Өз кезегінде, 11 наурыздан бастап "Хабар" арнасында отбасындағы әлеуметтік мәселелерін көтеріп, оны шешуге бағытталған "Бірақ..." бағдарламасының шығарылымы ұйымдастырылды. Алайда тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатты", - деп жазды министр желідегі парақшасында.

Аида Балаеваның айтуынша, мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуге тиіс еді.
"Ең алдымен, редакция барлық этикалық нормаларды сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуге, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламауы қажет еді. Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады", – деді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.