АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Батыс Қазақтан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірге инвестиция тарту мәселесі бойынша жиында қол астындағы кейбір шенеуніктердің жұмысын сынға алды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Әкімнің пікірінше облысқа қарасты қалалар мен аудандар, басқармалар тарапынан инвестиция тарту бағытындағы жұмыс баяу жүргізілуде. Мәселен, аудандардың жартысынан көбі жалпы құны 1 млрд теңгеге жетпейтін инвест жобалар ұсынса, оның ішінде Бөкей ордасы, Қаратөбе, Казталов, Шыңғырлау аудандары ұсынған жобалардың жалпы құны төмен деңгейде (205 млн теңгеден төмен).
Орал қаласы облыс орталығы болғанына қарамастан 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемі 6,8%-ға (83 млрд теңге) төмендеген. Сондай-ақ бірқатар ауданда да көрсеткіштер көңілден шықпайды.
Облыс басшысы әр аудан әкімінің, әр басқарма басшының жұмысы тікелей инвестиция тартумен байланысты болуы керек екенін ескертті.
"Инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізбесеңдер орынды босатасыңдар. Мен кадрлық шешім қабылдаймын. Нақты жобалар керек. Нәтиже керек" - деп атап өтті өңір басшысы.
Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірге инвестициялар тарту аясында өткен жылы 45 жоба іске қосылған. Осының аясында 1 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Жалпы алғанда 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 16,4%-ға өсіп 645,6 млрд теңгені құраған. Оның басым бөлігі Қарашығанақ кен орны арқылы тартылған инвестициялар.