АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Бектенов екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестік өсіп келе жатқанын атап өтті.
"Қазақ-қытай бірлескен жобалары нарықта сапалы және сұранысқа ие өнімдер шығаратын жоғары технологиялық кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздің аумағында 3 000 бірлескен компания табысты жұмыс істеуде. Бұл екі елдің бизнес қауымдастықтары серіктестігінің тұрақтылығы мен өнімділігін көрсетеді", — деді Олжас Бектенов.
Ал елші екі елдің стратегиялық әріптестігін дамыту серпіні жоғары екенін растады.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарлары екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге және дамытуға зор серпін берді. Біз Қазақстан президенті жариялаған ауқымды экономикалық өзгерістер бағдарламасын жоғары бағалаймыз. 2029 жылға қарай Қазақстанның ЖІӨ-сін екі есеге ұлғайту жөніндегі биік мақсатқа қол жеткізуге әбден болады деп санаймыз", — деді Чжан Сяо.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы, энергетика, жоғары технологиялар және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың кең әлеуетін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Олжас Бектенов пен Чжан Сяо Қазақстан мен Қытай өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дәйекті түрде дамыту жұмысын күшейтуге дайын екендерін растады.