Балаева Бишімбаевтың сотына тілшілердің кіргізілмеуіне қатысты пікір білдірді

Sputnik
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысына неліктен жіберілмегендігі жөнінде пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, ведомство әрқашан журналист құқын шектеуге жол бермеу, ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету және обьективті ақпарат тарату ұстанымын берік сақтайды. Бұл ретте кешегі сот отырысында арнайы орынның болмауына байланысты БАҚ өкілдері сот отырысын белгіленген бөлек бөлмеде отырып көрді.
"Алайда БАҚ өкілдеріне тиісті орындар болуы керек. Осы жағдайды ескере отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, журналистерді қажет орындармен қамту жұмысын жүргізетін болады. Жалпы, БАҚ өкілдерін сот процесін жариялау кезінде бірқатар этикалық аспектілерді, атап айтсақ, заң үстемдігін, бейтарап әділеттілікті ескеріп, жалған ақпараттың таралуынан және кез келген формада сот қызметіне араласудан сақ болуға шақырамын",-деп жазды министр өзінің желідегі парақшасында.